Түркістан қаласында Октябрь Жарылқапов атындағы стадион толық жөндеуден өткізіліп, жаңаша үлгіде жаңартылды. Стадионның ашылу салтанатына қала тұрғындары, ел ақсақалдары, спортшылар қатысты. Даңқты волейбол бапкері туралы көрініс көрсетіліп, стадионның тарихы туралы мәлімет берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұртшылықты жаңа стадионның ашылуымен құттықтады.
– Денсаулығы мықты, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу үшін бұқаралық спортты дамыту аса маңызды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы спорт саласына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Түркістан қаласы ажарланды. Жүздеген ғимараттар, үйлер салынды. Солардың арасында заман талабына сай спорт кешендері де бой көтерді. «Олимпик центр» спорт кешені, теннис орталығы, «Мұз сарайы» ел игілігіне берілді. Ал бүгін тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Түркістандағы тарихи тереңде жатқан Октябрь Жарылқапов стадионы заман талабына сай жаңартылып отыр. Өткен ғасырдың ортасында салынған бұл стадион біраз жылдан бері қолданыстан шығып, өзекті мәселенің біріне айналған болатын. Тұрғындар тарапынан стадионды жаңғырту мәселесі көтерілді. Елдің өтініші мен тілегі біз үшін маңызды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгін түркістандықтарға жаңарған спорт нысаны пайдалануға берілуде. Түркістанымыз чемпиондардың қаласына айнала берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Салтанатты жиында ел ағалары Рахым Тәңірбергенов пен Жақсылық Құлбайымбетов те ақжарма тілектерін ақтарып, спорт нысанын жаңартқан облыс, қала басшылығына ризашылықтарын білдірді. Сонымен бірге «Түркістан» мен «Тұран» клубтарының жасөспірімдер командалары арасында жолдастық кездесу өткізілді.
Айта кетейік, 1966 салынған стадион қайтадан жөндеуден өтіп, толық жаңартылған. Заман талабына сай қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған. Жаңа стадион бір мезетте 150 спортшы мен 2 мыңнан астам көрермен үшін қызмет көрсете алады.
Аталған стадионда республикалық, облыстық, қалалық спорттық іс-шараларды, футболдан Қазақстан Республикасы бірінші лига ойындарын өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге спартакиадалар, президенттік тест, жеңіл атлетика тағы басқа спорт түрлерінен спортшыларға оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылады.
Стадионда бірнеше спорт мекемесі орналасып, жұмыс істейді. Олар – «Түркістан» клубы мен Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы. Аталған спорт клубы жергілікті тұрғындарды бұқаралық спортқа баулумен шұғылданып келеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт клубында 20 жаттықтырушы және 28 спорт нұсқаушысы бар. Олар кіші футбол, стритбол, үлкен теннис спорт түрлерінен ашық спорт алаңдарында 700-ге жуық оқушыны кәсіби тұрғыда жаттықтырып жүр. Ал спорт нұсқаушылары 800-ден астам тұрғынды спортқа баулып келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments