ЖаңалықтарЖастар саясатыҚоғамМәдениетРуханият

ТҮРКІСТАН: ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ «ҰЛТТЫҚ БҰЙЫМ – ҰЛТ МҰРАСЫ» БАЙҚАУЫНДА ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛӨНЕРІН ҰЛЫҚТАДЫ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында және Түркістан облысына 5 жыл толуына орай, этнос өкілдері арасында қолөнер бұйымдарын дәріптеу мақсатында «Ұлттық бұйым – ұлт мұрасы» байқауы өтті.
Елдік құндылықтарды ұлықтаған шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов байқаудың маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Дәстүрлердің осылайша бітеқайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз» деген болатын. Түркістан — көне замандардан бері қолөнердің орталығы болған. Бүгінгі шараның басты мақсаты – этнос өкілдерінің қазақтың байырғы қолөнеріне, шеберліктеріне қызығушылықтарын арттыру, сонымен қатар жасалынған туындыларын көпшілікке жария ету арқылы өнерлі, шығармашыл этнос өкілдерінің белсенділігін арттыру. Бұл байқау ұлттық құндылықтарымызды этнос өкілдері арасында кеңінен дәріптеп, бірлігімізді бекемдей түседі деген сенімдеміз, – деді Бақыт Сәрсенбайұлы.
Байқау барысында Түркістан облысының аудан, қалаларынан келген командалар сайыстың 5 түрі бойынша өнерлерін көрсетті. Атап айтар болсақ, «Ұршық иіру», «Кесте тігу», «Құрақ құрау», «Текемет басу», «Талқан түю, жент жасау» сайысы бойынша өнерпаздар бақ сынасты. Сайысқа мәдениет, өнер саласының майталман мамандары қазылық етті. Әділқазылар мүшелері қатысушылардың шеберлігіне және жылдамдығына қарай баға берді.
Он саусағынан өнері тамған қолөнершілер байқауында жүзден жүйрік шыққан командалар анықталып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бұл орайда, «Ұршық иіру» сайысында 1 орынды төлебилік Шахиста Адилова, 2 орынды түлкібастық Шакирзада Абилова иеленсе, 3 орынға мақтааралдық Тажи Далаварова лайық деп танылды. «Кесте тігу» сайысында мақтааралдық Хушида Турсунташева 1 орыннан көрінді, ал 2 орынды келестік Малика Ибрагимова, 3 орынды Александра Утвенко иеленді. Сондай-ақ «Құрақ құрау» сайысында төлебилік Дильназа Умарова жеңімпаз атанды. Бұл сында түлкібастық Раиса Темирова 2 орынды, Тамара Сманова 3 орынды иеленді. «Талқан түю, жент жасау» бәсекесінде 1 орынды түлкібастық София Абилова топ жарса, 2 орынды төлебилік Ирада Досметова, 3 орынды Рана Чалова түйіндеді. «Текемет басу» сайысында саурандық Анаркүл Абдуллаеваға тең келер ешкім болмады. Бұл сайыста 2 орынды түлкібастық Умрай Ирсалиева иеленсе, 3 орынды төлебилік Умида Байметова алды. Жалпы командалық есепте Түлкібас ауданы бас жүлдені иеленді. Ал 1 орынды Төлеби ауданы, 2 орынды Сауран ауданы, 3 орынды Мақтаарал ауданы иеленді. Бұдан бөлек, Жетісай, Келес, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Кентау қаласының командаларына арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева арнайы марапаттап, бағалы сыйлықтар мен арнайы жүлделерді, сондай-ақ Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Дипломы мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Шара шеңберінде жиналған қауым Түркістан облысындағы этномәдени қоғамдық бірлестіктерінің мерекелік концертін тамашалап, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА 11 МЫҢНАН АСТАМ КӨПБАЛАЛЫ АНА ТҰРАДЫ 

Алдыңғы

ИТАЛИЯ МЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС ТЕРЕҢДЕЙ ТҮСТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *