Бүгін облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай Қазақ халқының ұлы ақындарының шығармаларынан көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, ел ішінен талапты, талантты азаматтарды іздеп табу.
Аталмыш додаға аудан-қалалардан 16-28 жас аралығындағы 15 үміткер қатысып, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларынан және қазақтың белгілі ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінді оқып, бақ сынасты.
Байқауға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Исаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аға оқытушысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақсат Айтжанов және ақын, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бауыржан Ерман әділ қазылық етті.
Рухани мазмұны мол сайыста бас жүлдені Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер коллежінің 3-курс студенті Аида Мақанбай иеленді. Сонымен қатар Созақ ауданынан келген Төлбай Әбілқасым жүлделі І орын, Келес ауданынан Арайлым Қалдыбек ІІ орын, Шардара ауданынан Жанар Оңғар және Сайрам ауданынан келген Дилноза Исламова ІІІ орын иегері атанды.
Comments