Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам, Өтеміс, Шапырашты және Қызылсу тұрғын алаптарының халқымен кездесті. Шаһар басшысы кездесуде өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы мақсат-міндеттер жайлы айтты.
—Жылдың басында Шымкент қаласындағы барлық елді мекендерді аралап, өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін беріп келеміз. Сонымен қатар халықтың жағдайымен, елді мекендердегі өзекті мәселелермен танысып жатырмыз. Наурыз айында қалалық бюджет нақтыланған кезде бірінші кезектегі мәселелерге қосымша қаржы қаралады, — деді Мұрат Әйтенов.
Жиында Қаратау ауданының әкімі Рахманберді Мүлкеманов Сайрам, Өтеміс, Шапырашты және Қызылсу тұрғын алаптарында атқарылған жұмыстарды айтып өтті.
Мәселен, 40 мыңнан астам халқы бар Сайрам тұрғын алабында ауыз су кестемен беріледі. Осы мәселені шешу үшін өткен жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, мердігер анықталған. Биыл құрылыс жұмыстары басталады.
Сонымен қатар Шапырашты елді мекенінде өткен жылы 7 көшеге асфальт төселіп, жаңадан 1 спорт кешені салынған.
Жиында Шымкент қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы және ветеренария, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармаларының басшылары халықты әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және азаматтардың өз кәсібін бастауына қолдау көрсету бағытындағы мүмкіндіктер туралы әңгімеледі.
Басқосуда тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, қала әкімі оған жан-жақты жауап берді.
«Шымкент келбеті»,
Фото Серік ҚОСАЕВ.
Comments