Туризм – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанға келуші туристер саны жөнінде 20 өңірдің ішінде Шымкент қаласы алғашқы үштікті иеленіп отыр. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін шаһардың инвестициялық тартымдылығы артып, келуші туристердің саны күн сайын өсіп отыр.
Шымкент қаласының туризм саласына тартылған инвестиция көлемі артып, өткен жылдың 11 айында 23,6 млрд. теңгеге жеткен. Аталған инвестиция туризммен сабақтас салалардан құралған. Мұндай ауқымды туристік жобалардың қатарында «Пана», «ДОРА», Grand Villa Hotel, «Wind hotel», «Big rooms» және «Graf» қонақ үйлері бар. Аталған туристік нысандардың жалпы инвестиция көлемі 4,33 млрд. теңгені құрап отыр. Осы жобалардың жүзеге асуы арқылы 145 адам жұмыспен қамтылыпты.
Одан бөлек, 2022 жылы қаламызда түрлі ас мәзірін ұсынатын мейрамханалар, туристік ұйымдар, спорттық кешендер мен сауда үйлері ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Олардың қатарында Бозжыра, Apple Tree, On Fit, world class, Дур плаза, CIT travel секілді ірі жобалар бар.
Қаламыздың туристік бизнес саласы мен экономикалық дамуына инвесторлар да өз үлесін қосуда. Отандық туризмді одан әрі ынталандыру мақсатында кәсіпкерлерге мемлкеттік қолдау шаралары ұсынылған. Мәселен, кәсіпкерлер туристік нысан салу кезінде шығындардың 10 пайызын мемлекет өтейді.
Туризм басқармасының мәліметінше, алдағы уақытта қаланың әлеуметтік-экономикалық және туристік-инвестициялық әлеуетінің белсенді дамып келе жатқаны ескеріліп, Шымкентте халықаралық қонақүйлер желісін ашу да жоспарланып отыр.
«Шымкент келбеті»
Comments