Руханият

Қазіргі заманғы діни ахуал және зайырлы мемлекеттің қағидалары

Елімізде тіркелген діни бірлестіктер ішкі саяси тұрақтылыққа, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтуға орасан үлес қосуда. Бұл бәрінен бұрын Қазақстанның ең ірі діни конфессиялары – мұсылмандардың діни басқармасы мен Орыс православие шіркеуіне қатысты. Олар жалпыадамзаттық құндылықтар мен гуманистік мұраттардың ақиқаттығын насихаттай отырып, оңды рухани-адамгершілік міндеттерді орындауда.
Бүгінде елімізде діни ахуал тұрақты деп бағаланады. Бұл, біріншіден, бізде барлық дәстүрлі діндердің өмір сүруі мен дамуына қолайлы жағдай жасалғандығымен түсіндіріледі. Жүзден астам ұлт пен 18 конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр, олардың 70 пайыздан астамы сүнниттік мұсылмандар. Екіншіден, мемлекет тарапынан көптеген ағарту жұмыстары жүргізілуде, оған қомақты қаражат бөлініп, тұтас бағдарламалар мен жобалар әзірленіп, қабылданды, еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді, көптеген ресми рухани-ағартушылық сайттар ашылды, мақсатты халықтың діни сауаттылығын арттыруда және жалпы тұрақты діни ахуалды қалыптастыруда.
Қазірде еліміздегі діни ахуал әрбір саналы азаматты алаңдатады. Осыған байланысты күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен әртүрлі қырлары жарыққа шығып жатыр. Дінді ұстанушылардың қатары молайған сайын қоғамдық ортада жағымды-жағымсыз пікірлер туындап, қарама-қайшылықтар, отбасылық өмірдегі кикілжіңдер, діни түсініктердегі алшақтықтар белең алуда. Егер, әлем елдеріндегі осы діни ұстаным мен қарым-қатынастарға байланысты қайшылықтарды назарға алар болсақ, діни алауыздық пен бөлінушіліктің зардабы орасан болатындығына көз жеткізуге болады. Соңғы жылдары Қазақстанда адамдардың рухани білімге деген қызығушылығының айтарлықтай артып келе жатқанын және бұл үрдісті қоғамымыздың одан әрі дамуына және конфессияаралық келісімнің сақталуына бағыттаған орынды. Еліміздің мұсылмандары дәстүрлі исламның ханафи мәзһабын ұстанады, бірақ, өкінішке орай, исламның дәстүрлі емес бағытын ұстанып, теріс жолды таңдайтын жастарымыз да бар. Осындай жігіттермен шындап жұмыс істеп, адасуының себебін түсіндіріп, дұрыс жолға салу керек. Тәуелсіздік жылдарында біз мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастардың оңтайлы моделін қалыптастыра алдық және бұл бүкіл көпұлтты Қазақстан халқының да, ел басшылығының да зор еңбегі екенін мойындау керек.
Қазақстан – зайырлы мемлекет және діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуі Қазақстан Республикасының ар-ождан және дін бостандығы принциптері, азаматтардың тең құқығы бар демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құруға бейілділігін растайтынын, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктегі азаматтардың тең құқықтарын, мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпау принципін және халықаралық қоғамдастық қабылдаған басқа да негізгі нормаларды білдіреді.
Халықаралық қоғамдастық­та зайырлылық ұғымына қатысты түрлі түсінік бар. Бұл өз кезегінде мем­лекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың ортақ сипа­тын танытатын нақты үлгінің жоқ­тығын білдірсе керек. Десек те, кейбір елдерде «зайырлы­лық діни мем­лекеттің қарама-қарсы піші­мі» деген мазмұн­дағы ұғым қа­лыптасқан. Осы орай­да «зайырлы» атауын түсіну­де, зайырлы елдің болмысын сөз еткен­де біртекті пікір­дің орнық­пағаны аңғарылады. Негізінде зайырлы мемлекет­тер дінді мемлекеттен бөлу идея­сын ұстанатыны белгілі. Бұл мәсе­леге қатысты сөз қозға­ған­да за­йырлылық қағида­ты бо­йынша діни догманы мемле­кет заңдарынан алыстату көзде­летініне, бірақ дін­ді қоғам­нан бөліп тастау қарас­ты­рыл­май­тынына, оның діни бос­т­ан­дық­ты айқындайтынына мән берілуі тиіс. Дегенмен кей­біреулер зайыр­лылықты атеизм бағыты деп түсінеді. Шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым сал­са, зайырлылық дінді ұстану, ұстан­бауда таңдау құқығын бере­тінін ескерген абзал.
Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды рет­теуде, бейбітшілікке үндеуде, отба­сы­лық құндылықтарды ны­ғай­ту­да және басқа да мәселе­лер­де негізгі идеологиялық құрал­дардың бірегейі. Сондықтан əрбір мемлекет өзінің дінмен қа­рым-қатынас орнатудың тиімді мо­делін құруға мүдделілік таны­тады.
Қазіргі таңда мемлекет пен дін арасындағы үйлесімді байланыс, орнықты қарым-қатынас қоғамымызда татулық пен тыныштықтың сақталуына, рухани және мәдени тұрғыда дамуымызға, радикализмнен қорғануымызға өзіндік оң ықпалын тигізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің халық талабы негізінде азаматтардың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, Конституциямызға сәйкес зайырлылық қағидаттарының оңтайлы үлгісін ұсына білгенін ұқтырады.

Б.Абдрахман
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы

ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Алдыңғы

ТҮРКІСТАННАН ҚОСТАНАЙҒА 72 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖӨНЕЛТІЛДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *