Кеше елімізге белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері және мәдениет майталмандары Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Б.Асылов пен Жоғары соттың төрағасы Ж.Асановқа хат жолдады.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Төрегелді Шарманов, Қазақстанның халық жазушысы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұхтар Шаханов, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған өзге де танымал тұлғалар «Шапағат медалінің иегерлері», «Құрмет орденінің иегерлері», КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі Дарико Хасанғалиева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Хасен Смагулов, Музыка зерттеушісі, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Пернебек Момынов ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Дәлел Уәш, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Ая Қалиева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Мәдина Сәдуақасова экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеу ісінің әділ өтуін талап етті. Араша хатта Арыстанбек Мұхамедиұлының мәдениет пен өнер, спорт саласына сіңірген еңбегі мен ел алдындағы азаматтық адалдығы туралы айтылған. Сондай-ақ, министр болған тұста ұлт руханиятын дамыту жолында қабылданған заңдар мен қолға алған көптеген ауқымды жобалар және еліміздің мәдениет пен спорт саласында жеткен жетістіктеріне тоқталған.
Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлер мен өзге де зиялы қауым өкілдері «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі бойынша тергеліп жатқан экс-министрдің аталған жайтқа қатысты заң бұзушылық әрекеті дәлелденбесе, жалғандыққа ерік бермей, шындыққа тіке қарап, соттың әділ әрі дұрыс шешім шығаруын талап етеді. Сондай-ақ, жастайынан ұлтқа деген ерекше махаббатымен өсіп, өнері мен мәдениеті, әдебиетімен сусындап, тарихи-мәдени мұраларына құрметпен қараған Арыстанбек Мұхамедиұлының елдің аманатына опасыздық жасамайтындығына сенім білдірілген.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, Арыстанбек Мұхамедиұлына қарсы деректер дайындауға кейбір азаматтарды мәжбүрлеп, заңсыз әрекеттер қолданылып жатқанына наразылық білдіреді.
Comments