Баршаңызды ұлық болған, исі мұсылман жұртының қасиетті мейрамы Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық,кәсіптеріңізге береке бергей. Биыл Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні 9 шілде, сенбі күнге түсіп отыр. Төлеби ауданы бойынша Құрбан айт намазы таңғы 6-45 те оқылады. Орталық «Нұр» мешітінде Құрбан айт намазынан соң ұлттық ойындар: асық ату, арқан тарту, қол күресі, кір тасын көтеру сынды спорттық ойындар түрлерінен «Дін мен Дәстүр» бағыты аясында мерекелік жарыстар ұйымдастырылғалы жатырмыз. Кез келген жастағы спорт сүйер қауым үшін есігіміз ашық. Сүйікті туған жеріміз, қасиетті Төлеби ауданының 90 жылдық мерей тойы құрметіне, ауданымызда бір уақытта, бір жерде 9 қарамал мен 9 ұсақ малды құрбандыққа шалуды ниет етіп отырмыз. Алланың қалауымен бірқатар кәсіпкер бауырларымызбен бірлесе отырып осы игі іске жоспарлар құрып жатырмыз. «Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Бұл мейрамды жоғары деңгейде атап өту үшін ҚМДБ,Түркістан облысы,Төлеби ауданында құрылған жұмыс тобы бекітілген жоспарды асқан жауапкершілікпен тиянақты түрде жүзеге асыруы тиіс. Осы бағытта әр мешіт имамдары мен наиб имамдарына өзіне жүктелген жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырады деп сенім білдіремін. Құрбан шалу рәсімі кезінде қауіпсіздік шараларға жіті мән беру қажет.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.
Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген.
Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген жерлестеріміздің қажылығы қабыл болғай. Әмин!»
Қасиетті «Құрбан айт» мерекесі құтты болсын!
Төлеби ауданының бас имамы Үсен Саурбаев
Comments