“Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт” жобасы аясында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жоспары бойынша Сауран ауданы Ескі Иқан ауылдық округінде “Көрегенді ене мен ибалы келін” тақырыбында енелер мен келіндер қатысқан сайыс өтті.
Сайыстың мақсаты — Жаңа Қазақстанның жаңашыл,тәрбиелі,ынтымақты,ұрпақ тәрбиесін жоғары қойған,отбасындағы бірлікті нығайтушы аналардың бейнесін сомдай отырып,үлгі ету. Отбасылық құндылықтарды нығайтуды көздеген сайыста Оранғай, Ескі Иқан, Шорнақ, Бабайқорған елдімекендерінің тұрғындары бақ сынады.
Залдың іші лық толы көрермендер мен жанкүйерлер болды. Кең ауқымды шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Сауран аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова ханымға, аудан әкімдігіне, тілдерді дамыту бөліміне жиналған қауым ризашылығын білдірді.
Осы орайда, сайыста достық пен бірлік, ынтымақ пен татулық, отбасылық, ұлттық құндылықтармен қоса әкенің отбасындағы рөлі,келіннің ибалы қасиеті мен балалардың ертегіні ұғынуы мен кері байланысқа баса мән берілді.
Жаңа форматта өткен іс-шараның соңында әр адамның өмірі өз қолында екенін және Жаңа Қазақстанның іргетасын бірге қалау дамудың кепілі екенін халық ұғынды, қолдады.
Сайыс қорытындысында бас жүлдені Оранғай ауылдық округынан келген ене мен келін иеленді. Ал I орын Ескі Иқан ауылына, II орын Бабайқорған ауылына, III орын Шорнақ ауылына бұйырды.
Айта кетсек, “Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт” жобасы аясындағы сайыс алдағы кезде де жалғасады.
Comments