Шымкентте «Бақытты отбасы» жеңілдетілген несиелік бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды. Аталған конкурс 20 маусым мен 19 шілде аралығында www.otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталы арқылы жүргізіледі.
Бағдарламаға қатысушылар – санаттары мен кезекке қойылған жылына қарамастан қатысуға өтінім бере алады. Әрі қарай, жүйе автоматты түрде кезекке тіркелу өңірлері, кезекке тұрған күні мен санаттары бойынша қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдерін қалыптастырады. Тұрғын үйге кезекке тіркелген күні, кезекке тіркелген санаты және өтінім беру уақыты қатысушының негізгі тізімге ілігуінің айқындаушы фактор болады.
Азамат үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы, толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек) санатындағы азаматтар қатыса алады. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша Шымкент қаласына 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд. теңге көлемінде лимит бөлініп отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments