Бәйдібек ауданының халқы жаңа Қазақстан құруда Референдумның маңызы зор деп есептейді. Сондай-ақ, олар Ата Заңымызды өзгерту жолында жұртшылықтың пікірі назарға алынғанына ерекше қуанышты. Партия жанындағы республикалық штаб мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов екі күн бойы Бәйдібек ауданының бірқатар ауыл окруктерін аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ондағы мақсат – референдумды халыққа жан-жақты түсіндіріп, алдағы науқанға белсене атсалысуға шақыру болатын.
Алғашқы жұмыс күнін штаб мүшесі Бәйдібек ауданына қарасты Шаян ауылының жергілікті тұрғындарымен кездесуден бастады. Жүзден астам тұрғын жиналған жиынға Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Б.Тұрлыбеков, аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Т.Дүйсенбеков және аудандық мәслихат хатшысы А.Кенехан қатысып, жиналғандарға Ата Заңымызға енгізілетін негізгі өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп берді.
Мұнан соңғы кездесулер Алмалы ауыл әкімдігіне қарасты Алмалы, Бәйдібек ата, Жарықбас ауылдарында жалғасын тапты. Сондай-ақ, түсауа аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт саласының бөлім қызметкерлерінің жүздесуіне ұласты. Халықтың көкейінде сауал көп. Әсіресе, ауыл тұрғындары референдумның дауыс беру шарттары мен тетіктеріне, өзгеріске ұшырайтын негізгі заңдардың баптарына түсіндірме сұрады.
— Жаңа Қазақстан құру жолында тәуекелге бару заңдылық. Сондықтан Президентіміз ең бірінші Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулардан бастап отыр. Мемлекет басшысының бұл бастамасын бүкіл қазақ халқы қолдауда. Ендеше, әрбір қазақстандық референдум аясында өзгеріске ұшырағалы отырған заңдарымызбен терең танысып, ел болашағы үшін даукыс беруі тиіс. Осы ретте мен баршаңызды 5 маусым күні өтетін референдумда сіздерді белсенділік танытуға шақырамын, — деді Қайнар Бегалыұлы. 
Ауданға жұмыс сапарының екінші күні штаб мүшесі Бәйдібек ауданы Боралдай ауылы әкімдігі Сарыбұлақ, Боралдай ауылы әкімдігі Амансай, Боралдай ауылы әкімдігі Жыланды елдімекендерінің тұрғындарымен де кездесіп, пікір алмасты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Comments