Бүгін Түркістандағы «Farab» әмбебап кітапханасында «Референдум – реформалар бастауы!» тақырыбында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңының алғашқы отырысы өтті.
Отырысқа қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, айтыскер ақын, «AMANAT» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков, БАҚ өкілдері мен облыстың зиялы қауымы және белсенді жастары қатысты. Талқылау әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тарату арқылы интерактивті форматта өтті.
Айта кетейік, «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы республикада алғаш рет қолға алынып, қазіргі таңда партияның барлық филиалдарында өткізілуде. Бұл алаңның ерекшелігі – қоғамдағы түйткілді мәселелерді, халықтың проблемаларын қозғап, оның шешілуіне ықпал ету.
Алаң жұмысы спикерлердің жеке сөз сөйлеуі, барлық қатысушылардың қатысуымен жалпы пікірталас, спикерлердің сөзін түйіндейтін сұрақ-жауаптар форматында тікелей эфирде өткізілді.
Шараны партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, партия филиалы жанындағы қоғамдық штаб төрағасы Бейсен Тәжібаев жүргізіп, күн тәртібіндегі маңызды мәселеге шолу жасады. Ол сндай-ақ, республикалық штаб мүшелерінің тұрғындармен кездесулерінде мыңға жуық ұсыныстардың түскендігін тілге тиек етіп, «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңының негізгі мақсатын баян етті.
— Бүгінгі диалог алаңын өткізудегі мақсатымыз- халықтың маңызды мәселелерін шешуді іздеуде мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың және азаматтық қоғамның өкілдері арасында сындарлы диалог құру. Сондай-ақ тұжырымдамаларға, бағдарламаларға, бастамаларға қоғамдық сараптама жүргізу арқылы республикалық және жергілікті деңгейлерде қабылданатын шешімдерді жария түрде ортаға салу ,- деді Бейсен Дәулетұлы.
Алғаш боп сөз алған спикерлердің бірі — қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханұлы референдум туралы пікірлерімен бөлісті.
— Бүгінде референдум – қоғам арасында қызу талқыланып, кеңінен қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі болатындығын, соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі – Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға ауысуы ,- деді Қуаныш Айтаханұлы.
Мұнан соң сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Камзабекұлы алдағы науқанның ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, бірқатар негізгі басымдықтарды сөз етті.
— Мәселен Германияда заңдар үш-төрт жыл сайын өзгеріп тұрады екен. Бұл – заманға лесу деген сөз. Сол арқылы идиялогиясын жаңартып отыр деген сөз. Сондықтан да біз ықпалды парламент құрамыз десек, сондағы халық атынан сайланған депутаттары халықтың өкілі болғандықтан өздерінің айтқандарын орындатуға мүдделі және соған жаңа механизм болуы керек. Бұған дейін біз көп мәселені айтып, көтеріп жүргенімізбен оны ары қарай орындай ма, не болмаса жалтарма жауап бере сала ма, әйтеуір жауапсыз қалып жататын. Ендігі жерде Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардан кейін мұндай олқылықтар орын алмайтын болады,- деді Дархан Қамзабекұлы.
Мұнан бөлек диалог алаңына қатысқан ҮЕҰ өкілдері, журналистер, ғалымдар, облыстық, қалалық штабтың мүшелері және партия белсенділері де қатысып, өз пікірлерін партия алаңында ортаға салды. Мәселен, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры, журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлі, мен ұстаз Айдарбек Әмірбек кездесулерде тұрғындар тарапынан ең жиі қойлатын сұрақтарға байланысты спикерлердің ой-пікірін сұрады.
Жаңа пікірталас алаңы әлеуметтік желідегі ресми парақшада тікелей эфирде көрсетілімі жүріп, онлайн қатысушылар да өз сауалдарын қойды. Оның ішінде тіл саясаты, руханият, БАҚ туралы заң жобасы, референдумда дауыс беру ережелеріне қатысты да сұрақтар қойылды. Осы және өзге де сауалдар төңірегінде алаң жұмысына қатысушылар өз ойларын ортаға салып, жаңа өзгерістерге дауыстарын беруге ынталы екендіктерін білдірді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Comments