Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысты. Жиында сөйлеген сөзінде Президент халықаралық терроризм мен экстремизмге, есірткі және қару-жарақ айналымына, заңсыз көші-қонға тоқталды. Соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимылға ерекше назар аударды.
Биыл қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болды. ҰҚШҰ көмегіне жүгіну ішкі және халықаралық нормаларға сай жүзеге асырылды.
Бітімгершілік күштері елімізде еш оқ атқан жоқ, тек стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетті. Жағдай тұрақтанған соң олар Қазақстаннан толық шығарылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұжымдық контингент жұмысының тиімділігі мен әлеуетін атап өтіп, оның Қазақстандағы бітімгерлік миссиясына оң баға берді.
Осы оқиғалардан кейін Президент геосаяси жағдай мен өзекті сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери дайындығын түбегейлі жаңғыртуды жүктеді. Оның ішінде Қазақстан армиясының техникалық және жауынгерлік жабдықтарын жаңарту міндетін қойды. Қарулы Күштерді заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықтауды тапсырған Президент оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті де дамыту қажет деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қасіретті қаңтар оқиғаларының сабағын ескере отырып, қару-жарақ және әскери техника сатып алудың биылғы жылғы жоспарын қайта қарауды, Қазақстанның Қарулы Күштерінің кадрлық әлеуетін арттыруды тапсырды.
Куралбаев Алмас Ахметкәрімұлы,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Менеджмент және туризм кафедрасының PhD, аға оқытушысы, Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі.
Comments