Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық перзентханасында болып, қазіргі жағдайымен танысты.
Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан. Қазіргі таңда мекемеде 53 білікті дәрігер, 171 орта, 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде.
Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған-ды. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық (22-і жергілікті бюджет есебінен) сатып алынды.
Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалды.
Қала әкімі шаһардағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығын, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, демографиялық көрсеткішті одан әрі ұлғайту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments