Пандемияға байланысты екі жылдық үзілістен соң Шымкентке үлкен теннис қайта оралды. Мамыр айында қалада ATP Challenger Tour аясындағы халықаралық турнирлер өтеді. Турнирге әлемдік рейтингтегі ТОП-300-дікке кіретін спортшылары қатысады.
Нақты айтсақ, Ұлттық теннис орталығында 8-14 және 15-21 мамыр күндері аралығында Beeline Challenger 80 және BeeTV 80 Challenger турнирлері қатар өтпек. Жалпы жүлде қоры 160 мың АҚШ долларынан асады. Бүгінгі таңға дейін Үлкен дулыға жұптық турнирінің финалисті (Австралия ашық чемпионаты–2013), АТР тоғыз турнирінің жеңімпазы (екеуі жекелей сында), жасөпірімдер арасындағы әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Робин Хасе, Түркияның бірінші ракетасы, 2021 жылғы жекелей сындағы екі челленджер жеңімпазы Алтуг Челикбилек, Норвегияның бірінші ракетасы Виктор Дурасович және тағы басқа спортшылар сайысқа келеді.
Ал Қазақстан тарапынан Дмитрий Попко, Денис Евсеев, Бейбіт Жұкаев, Достанбек Ташболатов, Григорий Ломакин және тағы басқа теннисшілер сынға түседі. Айта кетейік, Шымкенттегі челленджер турнирлері 2017 жылдан бері өткізіліп келеді және кәсіби спортшылар арасында Қазақстандағы ең беделді турнирдің бірі саналады.
Айта кетсек, Ұлттық теннис орталығында ауқымды қайта құру жұмыстары өткізіліп, спортшылар тұратын кампустар, әкімшілік блоктар салынды. Қазір мұнда 6 ашық корт, ал былтыр тағы 2 ашық корт салынды. Барлығы 18 ашық корт дайын. Мұнда барлық жастағы спортшылар үшін халықаралық турнирлер өткізуге лайықталған.
Comments