ЖаңалықтарМәдениет

ОПЕРА САХНАСЫНДА — МАХАББАТ ХИКАЯСЫ

Шымкент қалалық опера және балет театрында 29-30 сәуір күндері Р.Леонкаваллоның «Паяцы» операсы жаңа форматта сахналанбақ. Қойылым Шымкент қалалық опера және балет театрында алғаш рет 2012 жылы А.Раджабовтың режиссерлігімен сахналанған. Араға 10 жыл салып, операны жаңаша сахналау мақсатында Санкт-Петербург қаласынан ресейлік режиссер Владимир Акулов шақыртылып отыр. Бұл туралы премьера алдындағы баспасөз брифингінде театр директоры Майра Мұхамедқызы мәлімдеді.

Театр сүйер қауым бүгінгі премьерадан трагедия, комедия жанрларының үйлесімі арқылы, махаббаттың шытырман оқиғасын тамашаламақ.

— Әлемге әйгілі бұл операны театр сахнасына қою үшін Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан Владимир Акулов шақыртылды. Сахна безендірілуі, костюмдер бойынша өзгерістер мен ерекшеліктер бар. Сондай-ақ, шымкенттік көрермендер үшін «Паяцы» қойылымын 70 минутқа ықшамдап ұсынбақпыз. Бұл операны жаңа қырынан көрсетіп, әртістердің ойнау қабілетінің де дамуына ықпал етуде. Сондай-ақ, спектакль бүгінгі таңда республика театрларында қойылып жүрген «Паяцы» операсының нұсқаларынан мүлде бөлек. Ежелгі италиялық көшпелі театрдың өмірі, ғашықтар арасындағы махаббаттың шытырман оқиғасы баяндалады. Операның қоюшы дирижері — «Құрмет» орденінің иегері Руслан Баймурзин. Оны Нұр-Сұлтан қаласы «Астана опера» театрынан арнайы шақыртуымыздың өзіндік себебі бар, — деді Майра Мұхамедқызы.

Шығарма шынайы оқиға негізінде жазылған. Опера желісі бойынша актер қызғаныштан әйелі мен оның көңілдесін сахнада, көрерменнің алдында өлтіреді. Ал, бүгінгі премьерада режиссер опера қорытындысын өзгертіп, өз қолтаңбасын қалдырып отыр.

—Ару Недданы Шымкент қалалық опера және балет театрының вокал әртісі Айгүл Азатова, Үрәлхан Сейілбекова, Маргарита Кин сомдаса, Канионың рөлінде сахнаға Нұр-Сұлтан қаласы «Астана опера» театрының әртісі Кемел Ерұлан, шымкенттік Жұмабек Қаңтарбаев шығады. Ал, Тонио рөлін сомдау театрымыздың солисі Айдос Иманжаппаровқа, Сильвионы ойнау театрымыздың қос бірдей солисі Нематилло Зкруллаев пен Айбек Қанатбектің еншісінде. Беппоны Нұржан Жүсіпбеков сомдайды, -дейді театр директоры.

Жиын барысында Шымкенттің опера және балет театрына, бекзат өнердің дамуына деген қолдаудың аздығы айтылды.

— Театр ұжымы жас болғанына қарамастан қабілеті (потенциалы) өте жоғары. Өзінің хоры, солистері, оркестрі бар. Десек те, опера және балет театрына қолдау қажет. Келешекте өнер ұжымы осы таланттармен талай белестерді бағындыратынына сенемін, — деді Руслан Баймурзин.  Айта кетейік, «Паяцы» операсының ықшамдалған, жаңа форматтағы нұсқасы 29-30 сәуір күндері сахналанбақ.

«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

1 МАМЫР — ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ!

Алдыңғы

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ    

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *