ҚоғамМәдениет

ҒАЗИЗАДАЙ ДОСЫМ БАР

Екеуміз сонау бір жылдары Алматыдай əсем қалада, студент кезде таныстық. Ол бізден үш курс төмен оқыды. Сонан бастап аздап араласып тұрдық. Кейін оқу бітіріп келген соң, араластығымыз онан сайын жалғасын тапты.

Кеңес Одағы тарап, нарық деген алқымнан алып тұрған кез. Біз Шымкентке көшіп келдік. Ғазиза өмірдің түрлі жағдайларымен үш ұлымен əпкесі Ұлжарыстың үйінде, біз пəтер жалдап тұрамыз. «Ақыры осы журналистикада жүрмін. Тəуекел, газет ашамын» деген ойға нық келдім. Осы ойымды Ғазизаға айтып едім, ол да мақұлдады. «Онда екеуміз «Шұғыла» газетінде бірге жұмыс істейік. Қалай қарайсың?» деп едім, келісті. Бір күні облыстық ішкі саясаттағы қыздардың бірі газеттің министрлікке тіркеліп келгенін, куəлікті алып кетуімді хабарлады. Қуанышымда шек жоқ. Ғазизаға айттым, ол «Онда сен алып кел, екеуміз «Көл» аялдамасында жолығайық» деді. Қолымда куəлік, екеуміз қайта — қайта қараймыз. Енді екеуміз бір кафеде отырып, біраз армандайық десек, ақшамыз санаулы ғана. Амалсыз асханаға кіріп шəй алдық. «Қалтамызда ең болмаса, кафе, мейрамханаға еркін кіріп жүретіндей ақшамыз болу керек» дейміз бір — бірімізді қамшылап. Үйді де армандадық. Газеттің алғашқы нөмірін шығарып алып, екеуміз аудандарды бірге араладық. Ондағы мақсат — тираж жинау. Сол кезде адамдардың екеумізге сенгеніне əлі күнге риза боламын. Қарашада «Шұғылаға» жазылыңыз» деп аралап, жылдың басында 2000 -нан аса тираж жинадық. Шынымды айтсам, бұл біздің ойлағанымыздан көп еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе? Осы жерде Ғазизаның əпкесінің адамгершілігінің молдығына əлі күнге ризамын. Іссапарға кеткенде Ғазизаның балаларымен бірге менің де қызымды алып қалады. Келген соң олардың тəтті қылықтарын күле айтып береді.(Айтпақшы, екеуміз де арнайы емес, абайсызда бір рудың жігіттеріне тұрмысқа шыққанбыз ғой). «Сенің қызың ағаларына айтқанын істетеді (Ол олардан кіші, бес жасар кезі). Бəріне бұл мұғалім, олар көнбесе, маған жүгіріп келіп «Апа, ағаларға айтыңызшы, менің тілімді алсын» дейді. Тілін алмаса, жылайды. Сонан амалсыз олар соның айтқанын істейді» дейді. Олардың осындай қылықтарын естіген соң, шаршағанымыздың бəрі тез басылып, ертеңгі күнге жоспар құрамыз.

Алмас, Жұлдызай, Арайлым (тілшілер), Айгүл (дизайнер) деген қыз — жігіттер бірге жұмыс істедік. Əрбір күн қызықты өтеді. Облыстық мəдениет жəне халық шығармашылығы орталығының бір бөлмесінде отырамыз. Сол жерде жүріп Меруерт Жумалиева апаймен достасып кеттік. Оған бірден — бір себеп, апай туралы Ғазизаның «Келестен шыққан Меруерт» атты мақала жазғаны еді. Сонан апай да газеттің қызықты шығуына үлес қосты. Мəдениет қызметкерлеріне арнап «Əр көңілде бір сыр бар» деген бет аштық. Алғашқы нөмірі жазушы Мархабат Байғұттың əңгімесімен, келесі нөмірі ақын Нармахан Бегалыұлының бір топ өлеңімен басталған «Шұғыланың» арқасында талай жас ақын — жазушылармен таныстық. Олардың тырнақалды туындыларын жарияладық. Екеуміз Мұхтар Шахановтан, Қадыр Мырзалиевтен сұхбат алдық. Қайда барсақ та бірге жүреміз. Байдулла Қонысбек ағаның «Екеуің бір — біріңді толықтырып тұрасыңдар» дегені əлі есімде. Ол аққұба, мен қараторымын, ол толықтау, мен арықтаумын. Осыны айтты ма екен дейміз мəз болып.

…Сөйтіп жүріп екеуміз де жер алдық, үй салдық. Өмір болған соң, оның ащысы да, тұщысы да болады емес пе?! Солардың бəрін күле жүріп жеңген дос құрбым ешкімнен кейін қалдырмай балаларын да жетілдірді.

Айтпағым, небір қызық та қиын күндерді бірге өткізген Ғазиза Байсейтованың бүгін туған күні. Самат, Нұрсұлтан, Бексұлтан атты ұлдарының екеуін ұяға қондырып, бірнеше немере сүйіп отырған асыл əже. Ұлбала мен Айданадай көркіне ақылы сай келіндері бар. Айдана менің бірінші класта сабақ берген алғашқы ұстазымның жиені болып шықты.

Айналасына ғана емес, əлемге мейіріммен қарайтын құрбым достыққа сондай адал. Бес жыл бірге оқыған курстасы, ақын Гүлнәр Салықбай екеуінің достығына да керемет риза боласың. Айта берсем, əңгіме көп…

Ғазиза, əр күнің көктемнің күніндей құлпырып, тек қуаныш пен жақсылық көр. Қызметте де, шаңырағыңда да абыройың асқақтай берсін! Тілектеспін.

Базаркүл ҚАЛБЫР

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА КӘРІЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ  

Алдыңғы

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДАҒЫ КӨШЕЛЕРДІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *