ЖаңалықтарМәдениетРуханият

Ұлттық музейге белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлының 200-ге жуық заттары қойылады

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне қазақ телевизиясында 47 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері  Нұртілеу Иманғалиұлының жұбайы Қарлығаш Советбекқызы белгілі қаламгердің қолданған заттары мен киімдерін,  тарихи еңбектері мен медальдарын  табыстады. Олардың қатарында журналистика қайраткерінің қызметтік және отбасылық естеліктері жинақталған фото-альбом, «Қазақ жерінің зиялылары» атты энциклопедиясы мен ұлттың үнжариясы, костюм-шалбары мен көйлегі, сөмкесі, қаламсабы мен көзілдірігі, қойын дәптерлері, «Бейімбет Майлин – 125 жыл», «Ілияс Жансүгіров – 125 жыл», «Әсет Найманбайұлы – 150 жыл» медальдары бар.

—        «Нұртілеу Иманғалиұлы жарты ғасырға жуық ғұмырын журналистика саласына арнап, сауатты да салмақты ақпарат тарату жолында шәкірттердің бір буынына мектеп қалыптастырды. Нұртілеу Иманғалиұлы елдің азаматы, отбасының берік тірегі болды, есімі тарихта қалды. Бүгін өзі қолданған заттарының бір бөлігін Ұлттық музейге тапсырып, ол жайлы ескірмес естеліктердің кейінгі ұрпақ жадында сақталуына атсалыстық деп ойлаймын. Экспонаттар қатарында эфирге киген киімдері де бар. Нұртілеудің өзі айтқандай «патша көңілді көрермені» енді ұлттық музейден тамашалай алады. Сондай-ақ, Нұр-ағаның шығармашылығы мен жеке өмірін насихаттайтын ең алғашқы көрме де Ұлттық музейден бастау алғалы жатыр. Бұл бастамаға қолдау білдірген музей басшылығына айрықша алғысымды білдіремін. Көрме әрі қарай Алматы, Семей, Шымкент және  туған өңірі Талдықорған қаласында аяқталады»,-деді Қарлығаш Советбекқызы.

Қазақтың сегіз қырлы бір сырлы, от тілді, орақ ауызды ұстаз-журналисі ретінде есте қалған Нұртілеу Иманғалиұлының жұбайы Қарлығаш Табулдинова отағасының халқын ерекше сүйіп, өз мамандығын айрықша құрметтегенін де еске алды.

—        «Нұр-аға ұлтын ерекше жақсы көрді, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын айрықша бағалады. Содан болар  ұлттық киімнің заманауи түрін хабарларға, эфирге киіп насихаттады. Сонымен қатар ол спортты да жақсы көрді. Жас кезінде бокспен айналысып, «Спорт шеберіне үміткер» атағын алды. Кейінгі жылдары суда жүзу, волейбол, бильярд ойындарымен де айналысты. Одан да алған кубок, наградалары көп. Ол өз саласының кәсіби маманы ғана емес жан-жақты болғанды, үнемі ізденіп, дамып отырғанды қалады.  Нұртілеудің қоғамдағы, жеке өміріндегі барлық қасиеті үлгі етуге лайық болса, оның дәлелі жылы естеліктер мен артында қалған мұралары»,-деді Қарлығаш Советбекқызы.

Нұртілеу Иманғалиұлы Иманғалиев 1952 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Діңгек ауылында дүниеге келген. Үйдегі 14 баланың кенжесі. Атасы Қалиасқар бес жасында сауатын ашқан. 1977 жылы ҚазМУ-ді бітірген соң  Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарған.

Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы» атанған.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі еліміздегі ұлттық мұралары мен мәдени құндылықтарын  сақтау мен қорғаудың бірегей орталығы болып табылады. Музей қорында палеонтология, археология, этнография, қару-жарақ, нумизматика, асыл металдар мен сәндік-қолданбалы өнер және бейнелеу өнері коллекциялары, мұрағаттық фото, бейне және аудио құжаттар бар. Қазіргі таңда музей қорында 217 286 жәдігер сақталған.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық музейінде 2022 жылғы 28 сәуір күні сағат 16:00-де  белгілі қаламгер Нұртілеу  Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған «Бай-қуатты болайық!» атты көрмесі ашылады. Көрмеге Нұртілеу Иманғалиұлының эфирде киген ұлттық үлгідегі киімдері, жеке қолжазбалары мен жұмыс үстеліндегі бұйымдары, мемлекеттік және мерекелік наградалары, спорттық киімдері мен қанжар, қамшы, домбыра сынды 200-ге тарта заттары қойылады.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ЖАҢҒЫРТУ — «ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН» МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Алдыңғы

«AMANAT»: ӨҢІРЛІК ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕР БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *