«Сайрам» тұрғын алабындағы тарихи-мәдени және сакралды орындарды абаттандыру ісі жалғасын таппақ. Бүгін осы мақсаттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың төрағалығымен ZOOM платформасы арқылы Қаратау ауданы әкімдігі және туризм, мәдениет, жол, энергетика, архитектура салаларына жауапты басқарма басшыларының қатысуымен жиналыс өтті.
Жиын барысында «Сайрам» тұрғын алабында орналасқан Ибрагим ата, Қарашаш ана, Абдул-Әзиз баб, Мірәлі баб және Қожа Салық кесенелерінің қазіргі жай-күйі айтылып, біршама шешімдер қаралды. Атап айтқанда, Мақсұт Пернебайұлы туристік нысандарға түгендеу жұмыстарын жүргізу, барлық нысандарға төлқұжаттар орналастыру, туристік нысандарға апаратын жолдарда стандартқа сәйкес 3 тілде жолсілтегіштер орнату, жол жиектеріне жарықшамдар қою бойынша тапсырма берді.
Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров тарихи орындарға алып баратын жолдар 2GIS ақпараттық-навигациялық платформасына енгізілгенін айтып, туристерге арналған ақпараттық қолжетімділікті арттыру басқарманың басты міндеті болып табылатынын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments