Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыс күшейеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жұмыс орнын құру әкімдердің міндеті болып бекітілді. Осы мәселе талқыланған облыс әкімі аппаратының отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев әрбір аудан, қала әкімінің негізгі көрсеткіші жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырумен өлшенетінін айтты. Аталған бағыттағы деректерді саралап, жоспарларды талқылады.
Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңірде 777 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның басым бөлігі – ауылдық елді мекен тұрғындары. Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыспен қамтылғандардың 22,6% – ауыл шаруашылығы, 18,4% – білім беру, 17,4% – сауда саласына тиесілі болса, өнеркәсіп саласының үлесі – 6%. Бүгінгі таңда орталық органдармен халық табысын арттыруға бағытталған жоспар жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Осы арқылы жұмыс орындары ашылып, ел әлеуеті көерілмек.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева да жұмыспен қамту бойынша есебінде мәселе өзекті екеніне тоқталды. 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы 102,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Биыл да бұл бағытта жұмыс жалғаспақ. «Жастар тәжірибесіне» биыл 5658 мың адамды жолдау көзделіп, мерзімі 12 айға ұзартылады. Еңбекақысы 30 АЕК немесе 91 890 теңгеге жеткізілмек. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен 2 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы 2,7 мың отбасы 825 млн. теңгеге демеушілік көмек алса, 85 үйсіз жүрген отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. 2679 отбасының 1036-сы (38,7%) дағдарыс деңгейінен шығарылды, 630 отбасы қанағаттанарлық деңгейге өтті.
Деректерді саралаған облыс әкімі сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне халықтың тұрмысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын көбейту жөнінде тапсырма берді.
– Әр әкім қандай жұмыс орнын ашады, нәтиже соған байланысты болады. Негізгі көрсеткіштеріңіз сонымен өлшенеді. Жанашырлық танытып, халықпен бірге жұмыс істеген жөн. Күнде алдарыңызда әр ауылдағы жұмыссыздардың тізімі тұруы керек. «Оларды қалай жұмыспен қамтимын?», «Не істеу керек?» деген сұрақтар мазалауы тиіс. Жаңа жобалар, жұмыс орындарын ашу қажет. Аудан, қаладағы қабілеті бар адамдармен бірлесе жұмыс істеңіздер, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments