Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының есебін тыңдады. Жиында басқарма басшысы Б.Булатбеков биылғы жылы атқарылатын жұмыстарды баяндады.
Басқарма басшысы Шымкент қаласының 5 жылдық даму жоспарына сәйкес 2022 жылы салада 76 жоба жүзеге асырылатынын айтты. Атап айтқанда, ауыз су — 4, кәріз жүйесі – 14, электр – 14, табиғи газ – 15, жылу – 5, инженерлік инфрақұрылым – 24 нысан бар. Атқарылар жұмыстардың нәтижесінде жыл соңында мегаполисті ауыз сумен қамту көрсеткіші 98%-дан 99 пайызға, кәріз жүйесімен қамту 54 пайыздан 60 пайызға, сапалы электрмен қамту деңгейі 97%-дан 99%-ға, табиғи газбен қамтылу көрсеткішін 93%-дан 94,7%-ға дейін көтеру жоспарлануда. Ал, жылу желілерінің тозу деңгейі 37-ден 35 пайызға төмендейді. Жобаларды жүзеге асыруда шалғай елдімекендерге басымдық берілген.
Халықтың тіршілік етуіне басты қажеттілік инфрақұрылым жүйелері екенін айтқан қала әкімі сала басшысына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Аудандардағы тозығы жеткен электр желілерінің барлығын тексеріп, кестесін жасақтап, қадағалап отыру қажет. Әбден тозығы жетіп, аумақ жарықсыз қалған сәтте емес, алдын ала бағамдап, жөндеу жұмыстарын жасап отыру керектігін, жекеменшік нысандағы инфрақұрылым жүйелерінің сапасына да мән беріп, оларды тексеретін механизмнің жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Жобаның маңыздылығы санында емес, халыққа тиімділігінің жоғары болуында екенін ескерсек, әрбірінің сапалы орындалуы қатаң бақылауға қойылуын, тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелер жобаларды жүзеге асыру барысында назарға алынуын тапсырды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments