Шымкентте Сабыр Рахымовтың туғанына – 120 және Тоғанбай Қауынбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған кеш өтті. Қалалық жасөспірімдер кітапханасында өткен іс-шараға «С.Рахымов қорының төрағасы Абдубахыт Мақұлбаев, «Т.Қауымбаев» қорының төрағасы Марат Үкібаев, батырлардың немерелері мен інілері, 6506 әскери бөлімінің сарбаздары мен С.Рахымов атындағы республикалық мектептің ұландары, кітапхана ұжымы мен оқушылар қатысты. Жиналған қонақтар алдымен ҰОС батырларының құрметіне бір минуттық үнсіздік жариялап, одан кейін соғыс ардагерлері туралы әзірленген фильмді тамашалады. Бұдан кейін батырлардың атындағы қор төрағалары атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
– Қазақтың қос батыр қызы – Мәншүк пен Әлияны ел кең таниды, екеуінің аты қатар аталады. Сол секілді, Сабыр Рахымов және Тоғанбай Қауымбаевтың да есімдері қатар аталып, ел есінде қалса дейміз. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар да жетерлік. Мысалы, «Қазақтың қос батыры» деген кітап жазылып, жарыққа шықты. Осыдан біраз уақыт бұрын шыққан кітапты қайтадан жаңартып, көп оқырманға тарапқымыз келеді. Осылайша жастар соғыс кезінде бірін-бірі жақын тұтып, қос бауырдай қолдаған батыр аталарымыз туралы кеңінен білгенін қалаймыз, – дейді Марат Үкібаев.
Кеш қонақтары қаһарман ардагерлер туралы өз естеліктерімен бөліссе, мектеп оқушылары сахналық көрініс қойды. Ал әскери бөлімнің оркестрі патриоттық туындыларды орындады.
Нұрлан Бектаев
Comments