АймақЖаңалықтарҚоғамСаясат

Жаны қазақ. Қазаққа бүйрегі бұрып тұрады

Жағымпаз жазушыларды түзей алмайсың. Олардың таным-талғамы бүгінгі дәуірмен үйлеспейді. Ал менің мақтау мен мадаққа қарсы иммунитетім бар…

Сонымен, Тоқаевтың сұхбатын тыңдап шықтық. Эфирдің орысша өткені көңілге кірбің түсірді демесеңіз, тұтастай алғанда журналистің сұрақ қойысы ұнады. Мұны мойындау керек. Көптің көкейінде жүрген, қаны сорғалаған сауалдар қойылды.

Тоқаев та жалтарған жоқ. Негізінен қазақтілді аудиторияны толғандырып жүрген бірсыпыра сауалға бүкпесіз жауап қатты.

«Назарбаевтың қателігін қайталамауға тырысамын. Экс-президент үшін қастерлі саналған құндылықтар Қазақстанды құзға құлата жаздады..».

Президенттің билікке қатысты пайымдарының өзегінде (подтекст) осы месседж жатқандай сезілді.

Үлкен кісіні дипломатияның салтымен, сыпайы шығарып салғанын меңзеді.

Не десеңіздер де, Тоқаевтың жаны қазақ. Қазаққа бүйрегі бұрып тұрады.

«Тақ атамнан қалған мұра емес. Билікте қалу үшін Ата заңды бұрмалайтын астамшылыққа бармаймын».

«Саясат пен экономиканы тең алып жүру керек. Өзіме берілген мерзімде парламенттік және партиялық жүйеге толық реформа жасауға тырысамын».

«Назарбаевпен саудаласқан жоқпыз. Ел басына күн туған шақта Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы президент қолында болуы керек деген мәселені көлденең қойдым».

Біздің сараң байлар өзбектің олигархтарынан үлгі алсын. Елден жырақта жүріп байыған өзбектің қалталы қауымы атажұртына келгенде аянып қалмайды. Өз есебінен аурухана тұрғызады, инфрақұрылымды жаңартады. Қазақтың есебінен байыған біздің олигархтар «шық бермес Шығайбайдың» өзі».

«Жағымпаз жазушыларды түзей алмайсың. Олардың таным-талғамы бүгінгі дәуірмен үйлеспейді. Ал менің мақтау мен мадаққа қарсы иммунитетім бар».

«Бізде кадрлық дефицит бар. Сол үшін де Үкіметті түгел ауыстыру мүмкін емес. Болашақта міндетті түрде өзгерістер болады».

Тоқаев осы тезиспен-ақ өткен 30 жылда экс-президенттің мемлекет мүддесіне қайшы келетін қыруар қателік жібергенін аңғартып отыр. Ол үшін Назарбаевты жерден алып, жерге салу міндет емес.

Иә, Тоқаевтың тезистері қазақтілді аудиторияға таңсық емес. Қаншама жылдан бері қақсап айтып келе жатқан мәселелер. Бастысы Назарбаевтың тұсындағы доқ, дөрекілік жоқ. Атамыздың сұхбатының өзінен «жаргонный стиль» сезіліп тұратын еді.

Президенттің соңғы шешімдерінің барлығы мемлекет мүддесі үшін жасалғаны аңғарылады.

Назарбаев династиясы, оның соңындағы тарам-тарам кландар келмеске кетті деп тілейік.

«Назарбаев менің досым, бірақ шындық қымбат» деген ұстанымнан таймаса, нағыз мемлекетшілдіктің үлгісі осы болады. Әлі де мемлекеттің мүддесіне бағытталған шешімдерді күтеміз. Уақыт — төреші.

Думан БЫҚАЙ,

журналист.

Сенім деген ұлы күш

Алдыңғы

Бірнеше маңызды мәселеге тоқталды

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *