Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының есебін тыңдады.
Басқарма басшысының орынбасары Б.Азимбердиев өткен жылдың 12 айында атқарылған жұмыстарды және 2022 жылы жүзеге асырылатын жоспарлары туралы баяндады.
Шымкентте өнеркәсіп саласында 718 кәсіпорын белсенді жұмыс жасауда, оның ішінде 605 өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Осы кәсіпорындармен өткен жылы 784 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі, ал өңдеу өнеркәсібінде 678 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Басқарма басшысының орынбасары алдағы бес жылда өнеркәсіп өнім көлемін 1,7 пайызға арттыру көзделгенін атап өтті. Сонымен қатар ол өткен жылы негізгі капиталға 462 млрд. теңгенінің инвестициясы салынғанын айтып, биыл бұл межені 540 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланғанын мәлім етті. Баяндамада айтылғандай сыртқы сауда айналымының үлесін 30 пайызға төмендету бойынша 2022-2025 жылдары импорт алмастыруға бағдарланған құны 472,7 млрд. теңгені құрайтын 61 жоба, оның ішінде биылғы жылы құны 52,3 млрд. теңге болатын 16 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда түсті металдар концентратын алу үшін қалдықтарды қайта өндіру зауыты, алюминий банкілер өндірісі, табақ шыныдан жасалған шыны конструкцияларды өндіретін кәсіпорын, аралас иірімжіп өндірісі, шұлық бұйымдар өндірісі, дәрілік және гигиеналық құралдар шығаратын өндіріс пен кілемдер мен кілем бұйымдар өндірісі салынады деп жоспарлануда.
Қаламыздың мегаполис дәрежесін алуы көп мүмкіндіктермен қоса жауапкершіліктер жүктейтінін айтқан қала басшысы, Шымкент қаласы еліміздің оңтүстік өңіріндегі даму локомативіне айналу керектігін айтты. Экономикалық индикаторлардың орындалуымен шектелуге болмайтынын, инвесторларға барынша жағдай жасау керектігін атап өтті.
Сөз соңында жоспарлардың орындалуы барысында статистикалық негіздер мен аналитикалық талдаулар қатар жүргізілуі тиіс екенін, көзбояушылықтан арылатын кез келгенін және қала экономикасына серпін беретін жаңа ұсыныстар керектігін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments