Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықты толғандырған мәселені бірлесе шешу үшін қала орталығынан шалғайда орналасқан Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алабтарының тұрғындарымен кездесті.
Әкімшілік ғимаратта болған кездесуде қала әкімі тұрғындармен ашық диалог құрып, олардың мәселесін тыңдады. Ондағы халық бес елді мекенге ортақ мәдениет үйін салып беруді, кабельді интернет желісін тартуды, Маятас тұрғын алабына қарасты Белтерек, Көзді ата, Нұрлытаң көшелеріндегі ағын су мен жайылым жер мәселесін көтерді. Ал, Елтай тұрғын алабының тұрғындары жаңа мектеп құрылысын салып беруді айтса, ауыл белсенділері Маятас, Жыланбұзған, Тоғыс тұрғын алаптарынан өтетін «Бадам» өзені жағалауларына бетонды дамба қойып, бекіту жұмыстарын жүргізіп, абаттандыруды және Айнатастағы №126 мектепке қосымша 100 орындық оқу корпусын салу және акт зал, спорт зал, шеберхана қажет екен жеткізді.
Шаһар басшысы өкілетті орган басшыларына тұрғындардың шағымдары мен өтініштеріне ерекше көңіл бөлуді айтып, мәселені шешу үшін сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
«Мемлекет басшысы кез келген қиындықтарды шешуде бірінші кезекте халықтың жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруын басты назарда ұстауды тапсырды. Осы бағытта жұмыс жасаудамыз. Әрбіріңіздің айтқан ұсыныстарыңызбен, өтініштеріңіз назардан тыс қалмайды. Заң аясында қарастырамыз. Біздің міндетіміз инфрақұрылымды жетілдіріп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру»,-деді М.Әйтенов.
Қала бюджетінің 20 пайыздан астамы мегаполистің инфрақұрылымын дамытуға бөлінетінін айтқан шаһар басшысы оның ішінде басым көпшілігі шалғай елді мекендердің инфрақұрылым мәселесін шешуге бағытталып келетінін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments