Шымкентте әлеуметтік маңызы бар құрылыс жұмыстары төтенше жағдайға қарамастан жұмысын тоқтатқан жоқ. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов Рысқұлов көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысында салынып жатқан жерасты өткелінің құрылысымен танысты. Онда Мақсұт Пернебайұлы мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмыс қарқынын барынша үдетуді, сонымен бірге, өткел құрылысының сапасына да айрықша көңіл бөлуді тапсырды. Бұдан бөлек әкім орынбасары үшінші мегаполис барлық шымкенттіктердің ортақ үйі екенін айтты. Сондықтан қаланы күтіп ұстау, тазалығын сақтау, шаһардың өсіп-өркендеуіне атсалысу әрбір тұрғынның міндеті, деді.
— Жерасты өткелі құрылысының бірінші бөлігі аяқталуға жақын қалды. Орын алған жағдайға қарамастан нысан 20 қаңтарда ашылуы тиіс. Қазір қаладағы ахуал түзеліп келеді. Сондықтан құрылыс жұмыстары жоспар бойынша атқарыла береді, — деді Мақсұт Пернебайұлы. Рысқұлов көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысындағы жолайрық құрылысы 2020 жылдың соңында басталған еді. Былтыр желтоқсанда жобаның бірінші кезеңі аяқталса, бүгінгі таңда екінші кезеңінің құрылысы жүзеге асуда. Жобаға сәйкес жолайрықта жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткел болады. Ал қаланың солтүстік аумағын оңтүстік бөлігімен байланыстыратын арнайы жоспарға сай Қонаев даңғылын ұзартуға арналған құрылыс жұмыстары жалғасын таппақ.
Өз кезегінде аталмыш жобаны жүзеге асырушы мердігер компанияның бас инженері Әбдіқадыр Тәштаев қазіргі уақытта жол түсетін учаске аумағы үй және басқа да нысандардан тазартылып жатқанын және негізгі күш көпір құрылысына жұмсалуда екенін атап өтті. Сондай-ақ жол құрылысына қырық шақты адам мен 15-ке жуық техниканың жұмылдырылғанын жеткізді.
Ал Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Байымбетовтің мәлімдеуінше Қонаев даңғылы құрылысының ІІ кезеңінде мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жер учаскелерінде 93 нысан болса, соның бүгінгі таңда 72-сі мемлекет құзыретіне өтті. Қалған 23 құрылыс объектісінде бағалау мен мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарып алу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге басқарма өкілі жобаның жалпы құны 6,9 млрд. теңгені құрайтынын атап өтті. Бұған қосымша М.Байымбетов өткен жылы аталмыш құрылыс жұмыстары бойынша 400 млн. теңгенің игерілгенін тілге тиек етті. Ол сондай-ақ жобаға бөлінген қалған қаржының кезең-кезең бойынша игерілетінін мәлімдеді.
Comments