Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров бастаған қызметкерлер “EXPO DUBAI 2020” Халықаралық көрмесіне қатысуда. Қазақстан павильоны «Мүмкіндіктер» тақырыптық кластерінде орналасқан. 192 мемлекет «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалыптастырамыз» ұранымен жан-жақты идеяларын ортаға салуда.
Іссапар аясында басқарма басшысы Ерлан Ермекұлы павильонда Шымкент қаласының өнімдерін жеке әрі жан-жақты көрсету мақсатында қараша айында 8 күн қатарынан өткізуге келіссөз жүргізіп жатқанын хабардар етті. Ұсыныс мақұлданған жағдайда Шымкенттің қонақжайлылығы, дәмді тағамдары, мәдениеті, қалаға виртуалды экскурсия және басқа да дүниелер таныстырылатын болады деп күтілуде. Одан өзге, аспаздық өнерімен әлемге танылған Бурак Оздемирге де Шымкенттен ресторан ашу ұсынысы айтылды. Бурак — бір ғана инстаграм желісінде 28 млн-нан астам жазылушысы бар стамбулдық аспаз. Оның тағамдарынан дәм тату үшін әлемнің түрлі елінен келушілер көп. Аспаздың жеке рестораны ашылған жағдайда еліміздің танымдылығы артып, бауырлас елден де келушілер көбейеді деп жоспарлауда. Айта кетейік, Халықаралық көрменің ашылу салтанатына БАӘ басшысы шейх Мухаммед ибн-Рашид Аль-Мактум, ҚР елшісі Мадияр Меңілбек, ҚР бас консулы Рауан Жұмабек, ҚР Экспо төрағасы Аллен Чайжунусов қатысқан болатын. Қуантарлығы, павильонға келіп, тамашалап, ілтипаттарын білдіріп жатқан адамдардың қарасы да өте көп. Жалпы, Халықаралық көрме наурыз айының соңына дейін жалғаспақ.
Comments