Бүгін Ақпараттық-коммунициялық орталығында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан Н.Қаракөзевтің қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Н.Қаракөзев қала аумағындағы шомылу маусымын қорытындылады.
– Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жазғы кезеңдегі шомылу маусымының қауіпсіз өтуіне ерекше көңіл бөлді. Бұл бағытта қала әкімінің қаулысына сәйкес практикалық және профилактикалық іс-шаралар кешені атқарылды. Осы ретте су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жүргізілді. Қала аумағында шомылу маусымы ресми түрде аяқталды. Алайда өңірдегі ыстық күндер әлі де байқалады, сондықтан да судағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша профилактикалық рейдтер жалғасады, – деді Нұржан Нұрханұлы.
Спикердің сөзінше, арнайы белгіленген және тыйым салынған су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Департамент тұрақты түрде насихаттау жұмыстарын жүргізген. Шомылу маусымында Департаменттің жедел-құтқару жасағының 55 құтқарушысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Қала аумағында 40-қа жуық жеке құтқарушы 18 объектіде (аквапарктарда, бассейндерде) қосымша жұмыс атқарған.
Сонымен қатар, қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқу орындарында интерактивті сабақтар, жиындар өткізілді. Қала көшелерінде 45 билборд, су айдындарында 120-ға жуық тыйым салу белгілері орнатылды. Сондай-ақ, 19 000-нан астам үгіт өнімдері (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) таратылды.
Брифинг барысында Нұржан Нұрханұлы судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін атап өтті.
– Жабдықталмаған, тыйым салынған жерлерде шомылу, балаларды ата-анасының қарауынсыз қалдыру, жеке құтқару құралдарынсыз балық аулау, шомылу кезінде өз күштерін жете бағаламау, жүзу құралдарын (катамаранды) құтқару кеудешелерінсіз пайдалану. Осы салдардың барлығы жазатайым оқиғаларға алып келеді, – деді спикер.
Еске сала кетейік, Департамент аудан әкімдіктерімен бірге осы жылы балаларды, оның ішінде тұрмыстық жағдайы төмен жанұялардың балаларын суға шомылу орындарында жүзуді тегін үйрету бойынша бассейндердің иелерімен 10 меморандум бекіткен. Ағымдағы жылы 500 балаға жүзуді үйрету жоспарланған. Қазіргі таңда жоспар толығымен орындалды.
Comments