«Дені сау адам- табиғаттың ең тамаша жемісі» деп тегін айтылмаса керек. Денсаулық зор байлық екенін біздің қазақ атамыз ертеден білген. Шымкент қаласындағы «SHANYRAQ» Отбасы институтын қолдау орталығында ЕӘҚКҚҚ Шымкент қ. бойынша департаментінің (ВТЭК) бөлім басшысы Шонанов Сырым Жамалбекұлы және денсаулық сақтау басқармасы №3 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Мұздыбаева Элмира Махановнаның қатысуымен денсаулық саласына қатысты аналардың сұрақтары бойынша кездесу өткізілді. Орталыққа денсаулық жағдайына қатысты хабарласқан 5 азаматтың мәселесі кездесу барысында талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.
Көпбалалы ана орталыққа денсаулығының нашарлауына және белгілі бір жағдайдың жиі қайталанып тұратындығы туралы айтып шағымданған болатын. Және бір отбасының мүшесі қан қысымының үнемі жоғары болып, қиналып жүргенін айтқан. Сондай-ақ мүгедектікке шығу, өз денсаулығына қатысты сұрақтармен хабарласқан болатын.
Кездесу барысында жеке кеңестер беріліп, қан қысымы түспей жүрген азаматқа мамандандырылған «Кардио-класс» клиникасына тегін жолдама алып, емделу қажеттігі айтылды. Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеу керектігі айтылып, алдын алу бойынша да ақпараттар, кеңестер берілді. Сонымен қатар кездесу барысында мүгедек балаға балдақ ауыстыру, бір реттік жөргектер алу сияқты т.б. мәселелер қозғалып, тиісті кеңестер берілді. Жалпы жыл басынан денсаулыққа қатысты, оның ішінде мүгедектікке шығу, квота туралау, оңалту орталықтарына орналастыру, міндетті әлеуметтік сақтандыруға және тағы басқа сұрақтарға қатысты 71 адам хабарласқан. 4 кездесу ұйымдастырылып, сала мамандарымен тікелей талқыланып, шешімін табуға жұмыстар жасалды. Нәтижесінде 65 адамның өтініштері бойынша қаралған сұрақтары оң шешімін тапқан.
Айта кетсек, «Шаңырақ» орталығы Қаратау, Еңбекші ауданы бойынша Бәйдібек би даңғылы, 32 а мекен-жайында, Абай, Әл-Фараби ауданы бойынша Әл-Фараби алаңы, 3/2 мекен-жайында (Шымкент плаза сауда орталығының жанында) орналасқан.
Comments