Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық құрылыс басқармасының жарты жылдық есебін тыңдады.
Басқарма тарапынан биылғы жылы 113 құрылыс жобасы іске асырылуда. Мекеме қызметінің тиімділігін бағалау 8 мақсатты көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
Оның ішінде ең негізгі индикатор – жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы аумағын 1 млн. шаршы метрге жеткізу. Жаңадан салынып жатқан баспаналардың ішінде 570 мың шаршы метрі – көп қабатты тұрғын үйлер болса, 430 мың м2 – жеке тұрғын үйлердің үлесінде. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр Шымкент қаласы аумағында жеке және көпқабатты тұрғын үйлер санатынан 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Бірінші жартыжылдықта 276,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,9 пайызға артқан. Айта кету керек, құрылыс алаңдарында бірінші жартыжылдықта негізінен жер қазу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс қарқыны жылдың екінші жартысынан бастап артады.
Тұрғын үй құрылысының барысымен мұқият танысқан қала әкімі М.Әйтенов атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалауды ұтымды ұйымдастыру керектігіне назар аударды. Бұл бағытта жаңа технологияларды қолданып, салынып жатқан нысандарға онлайн режимде трансляцияға жасауға мүмкіндігі бар камералар қоюға болатынын атап өтті. Тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы осылайша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын күнделікті бақылап, өндірістік кестенің сақталуына кепіл болмақ. Құрылыс нысандарымен тікелей эфирде байланыса отырып, жұмыс жиындарын да өткізуге болатынын атап өтті.
Жұмыс тиімділігін арттыру бағытында құрылыс саласында жұмыс істейтін тараптардың ара қатынасын да жаңа деңгейге шығару керектігін назарға алды. Мәселен, тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы болса, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау және мердігер ұйымдар – сол басқарманың уақытша қызметкерлері. Яғни, ақысын төлеп отырған басқарма, осы ұйымдардан сапалы жұмыс талап етуге құқылы. Бұл ұйымдар өздеріне жұмыс беруші болып табылатын құрылыс басқармасымен кейде ғана төбе көрсетіп емес, күнделікті жүзбе-жүз отырып етене жұмыс істеуі керек деді.
Басқарманың алты айда атқарған жұмыстары жөнінде есеп берген басқарма басшысының міндетін атқарушы Б.Күздеубаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары көлемінің жылдық жоспары 135,6 млрд теңге болып белгіленген. Бірінші жартыжылдықта атқарылған құрылыс көлемі 50,1 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 115,6 пайыз болып отыр.
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 4832 пәтерлі 79 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары басталған. Оның ішінде 1224 пәтерлі 18 тұрғын үй – арендалық баспаналар болса, 3608 пәтерлі 61 үй – тұрғын үй несиесін алғандарға табысталмақ.
Әкімшілік іскерлік орталығында көпқабатты 12 үй биыл пайдалануға берілсе, 9-қабатты сегіз үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады. Жаңадан салынған нысандарға инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша 15 жобаны іске асыру көзделіп, оның 6 нысаны пайдалануға берілген.
Білім саласы бойынша 11 нысанның құрылысына қаржы бөлінген. Оның ішінде 4 мектептің ғимараты жаңа оқы жылына дейін іске қосылады. Мәдениет және спорт салаларында 5 нысанның құрылыстары жоспарланып, оның екі нысаны пайдалануға берілді.
Жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеу бойынша екі медициналық ұйым мен Сайрам тұрғын алабында өрт сөндіру депосының құрылыстарын жүргізу жоспарланып, іске асырыуда.
Басқарманың алты айда айтқарған жұмыстарын талдаған Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс қаланың дамуына ықпал ететін маңызды сала екендігіне тоқталды. Құрылыс жүргізу қала экономикасының дамуына тұтастай әсер етіп, бизнестің құрылыс нарығына бейімделуі жүзеге асатынын, оның ішінде құрылыс материалдарының өндірісі қарқын алатынын атап өтті. Қаланың тіршілігі жылжымайтын мүлік нарығы арқылы өрбитінін еске салған қала басшысы, құрылыс жұмыстарын жоспарлауда нақтылық керектігіне көңіл бөлді. Бұл бағытта басқарманың жоспарлау қызметі құрылымының жұмысын жүйелеуді тапсырды.
Құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген нысандарды теңгерімге өткізу жөніндегі жұмыстарды ерекше бақылауды ұстауды тапсырып, лифт шаруашылықтары тиісті талаптармен тексеруден өтіп, рұқсат қағаздары алынбайынша, көпқабатты тұрғын үйлер мемлекеттік қабылдаудан өткізілмеуі керек деп нақты айтты.
Есеп беру жиынын қорытындылаған қала әкімі М.Әйтенов келешекте Шымкент таза қала болуы керектігін назарға алып, қалада шаңы шығып жатқан жерлер болмауы керектігін тағы да ескертті. Ол үшін құрылыс алаңдарына кіріп-шығатын техникалардың лайдан түгелдей тазартылып отыруын міндеттеді.
Comments