Табиғаты тамаша, келбеті келіскен, күн санап көркейіп, гүлденіп келе жатқан шырайлы шаһарда туризм саласы дамып келеді. Саялы саябақтар мен көптеген демалыс орындары, гүлмен көмкерілген әсем де тарихи кешендер бұл күнде қаланың шырайын келтіріп тұр. Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы» КММ-і жыл басынан бері 5 476 адамға анықтамалық-консультациялық қызмет көрсеткен. Бұл туралы басқарма басшысының міндетін атқарушы Арман Сәрсенов @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфир барысында 5 айда атқарылған жұмыстары туралы баяндамасында жеткізді. Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының негізгі мақсаты – ішкі туризмді дамыту және туристік саладан түсетін табысты арттыру. Бұл ретте, туризмді дамытудың 5 бағыты айқындалып отыр. Олар: жүйелік іс-шаралар, туристік инфрақұрылымды жақсарту, маркетингтік ілгерілету, сыртқы байланыстарды және медициналық туризмді дамыту.
«Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының негізгі мақсаты – туристер мен қала қонақтарына «бір терезе» қағидасы бойынша ақпараттық-консультативтік көмек көрсету. Қала аумағында туристер көп шоғырланатын орындарда (әуежай, темір жол вокзалы, саябақтар мен Арбат) 7 ақпараттық дүңгіршек қызмет атқарады.
Қалада орналасқан ақпараттық киоскілер тарапынан жыл басынан анықтамалық-консультациялық қызмет көрсетіліп келеді (АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Мажарстан, Ресей, Корея, Өзбекстан және т.б.). Қонақтарға қала туралы бүктемелер, кітапшалар және карталар таратылып, 55 экскурсия ұйымдастырылған. Қаладағы туризм саласына қажетті нысандардың жағдайын анықтау үшін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, туристік нысандардың дерек қоры жасақталып, сауалнамалар алынған. Шымкенттің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында жыл басынан бері бірқатар мекемелермен 13 меморандумға қол қойылып, қаланың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таба бермек!
Comments