Қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту бойынша жасалып жатқан кешенді жұмыстар шеңберінде Шымкент қаласының әкімдігі туристік автобустарға арналған тұрақтар ұйымдастырды. Пилоттық жобаны қалалық Туризм басқармасы, Шымкент қаласы Полиция департаменті мен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірлесе жүзеге асырды.
«Bus Stop» — туристік автобустарға арналған тұрақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең тартымды деген орындарда ашылуда. Алғашқы нүкте қаланың орталық бөлігі Әл-Фараби алаңынанда орналасқан. Мұнда келген туристер «Арбат» алаңы, “Shymkent Plaza” орталығымен таныса алады. Алдағы уақытта Бәйдібек би ескерткіші, Шымкент-Цирк, Наурыз алаңы, Дендросаябақ және Ордабасы алаңында да арнайы тұрақтар пайдалануға беріледі.
«Енді қаламызға келген туристер рухани-мәдени орталық аумағында орналасқан автотұрақтарды таппай қиналмайды. Мұндай инфрақұрылымның қажеттілігі туралы қала туроператорлары көптен бері көтеріп келген болатын. Қаланы туристер үшін жайлы ету мақсатындағы жұмыстар жалғасады»- дейді туризм басқармасының басшысы Олжас Шинтаев.
Comments