Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы дәрігер атты жауапты да маңызды мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж болып отыр. Себебі жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті күннен күнге үдеп, сан мыңдаған адамның тағдырын жалмаған қауіпті дертке айналып үлгерді. Осы қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан. Жылда дәстүрлі түрде аталып өтілетін медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов медицина саланың үздіктерін марапаттады. Медицина саласына қосқан жоғары үлесі үшін 5 қызметкерге Шымкент қаласы әкімінің алғыс хаты, 5 азаматқа «Еңбек ардагері» медалі, 8 маманға «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі, 5 дәрігерге «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі табысталып, ардақты жандардың абыройы асқақтады. 2020-2021 жылдар медицина саласы үшін өте ауыр кезең болды. Сын сағатта медицина қызметкерлері ажалмен арпалысып, ауыр бейнеттің ортасында жүргені рас. Өткен жылы дәрігерлер кәсіби мерекелерін тойлаған жоқ. Оған мүмкіндік те болмады. Сіздерге үлкен міндеттер қойылып, сонымен бірге мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп келеді. Коронавирус індетіне қарсы күресте жанкешті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын! — деген шаһар басшысы сала үздіктерінің қызметіне сәттілік тілеп, мерейлі мамандық иелеріне құрмет көрсетілді.
Іс-шара аясында Тәуелсіздік жылдарындағы медицина саласының жетістіктері айтылды. Денсаулық сақтау саласындағы бюджет 30 жылда 50,8 млн.теңгеден 79,1 млрд. теңгеге дейін өскен. 3000 бірліктен астам медициналық техника сатып алынған. Бүгінгі күні қаланың медициналық ұйымдарының жарақтандырылуы 25,3 пайыздан республикалық көрсеткішке 77,5 пайызға дейін жеткізілді. Дәрігерлер саны 1991 жылғы 2205 дәрігерден 2021 жылы 4205-ке дейін өсті. Ана өлімі 10 есеге, нәрестелер өлім-жітімі 3 есеге төмендеді. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 7,7-ден 0,9-ға дейін төмендегені айтылды. Нәтижесінде халықтың күтілетін орта жасы он жылға өсіп, 70 жастан асып, халық денсаулығын жақсартуға бар күш-жігерлерін аямай ерен еңбек етіп келе жатқан медицина саласының мамандарына алғыс тілектер айтылып жатты. Мерекелік шараның соңында дәрігерлер туралы деректі фильм көрсетіліп, концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Comments