Құрмет қой шығарса, төрлегенің,
Құлдау-оңай,
Қиындау өрлегенің.
Өрмекшідей биікке өрмеледім,
Есімнен кетпес сонда шөлдегенім!
Тырнақ сынып, қанталап көбелерім,
Жанымнан ұшқандай боп көбелегім.
Альпинистей арқан жоқ, санда қамсау,
Үміт бұлдыр, атаққа кенелерім.
Қара термін,
Қалтырап буындарым,
Таңдайланған Сахара құмындамын.
Өзімді құбыжықтай сезінемін,
Диназавр ұмтылды,
бұғынбадым.
Шайнап жатқан секілді тісі мені,
Арпалыстан миым да ісінеді.
Кісікиік етімді пісіреді,
Тұлпарым да мені іздеп кісінеді.
Кеберсіген ернім де жібігендей,
Кім жалғады тірліктің жібін нендей?
Зәмзәм суын жұтқызып періште отыр,
Көзімді аштым,
Туым да тігілгендей.
Нем бар еді биікте,
тірі қалдым,
Пірі екенсің деп жатыр ірі нардың!
Нұр жауғандай жүрекке жыр ұялап,
Қанға тарап жатқандай сыры нәрдің!
Болат ҚҰРМАНҒАЖЫҰЛЫ
3 мамыр 2025 жыл
Comments