Жетісу облысы, Қаратал ауданының рухани өмірінде ерекше орын алатын мекемелердің бірі — Тарихи-өлкетану мұражайы. Өңір тарихының шежіресін түгендеп, ұрпаққа аманат етіп отырған бұл орданың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін біз мұражай директоры Ерлан Оңдасынұлымен сұхбаттасқан едік.
— Ерлан Оңдасынұлы, алдымен мұражайдың қызметі мен негізгі бағыттары жайлы айтып өтсеңіз.
— Біздің мұражайдың басты мақсаты — Қаратал өңірінің тарихи, мәдени мұрасын жинақтап, сақтап, халыққа таныстыру. Мұнда көне дәуірлерден бастап қазіргі заманға дейінгі кезеңдерді қамтитын түрлі жәдігерлер сақталған. Жергілікті археология, этнография, соғыс тарихы мен кеңестік кезеңнің құжаттары — бәрі де келушілерге үлкен әсер қалдырады. Сонымен қатар, біз жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында жұмыс істейміз.
— Мұражайда ерекше қызығушылық тудыратын қандай жәдігерлер бар?
— Археологиялық қазбалардан табылған көне қыш ыдыстар мен еңбек құралдары, Қаратал жерінің белгілі тұлғаларына қатысты тарихи деректер, заманында ел мен жері үшін қол бастаған батырларымыздың, кешегі ұлы отан соғысы жылдарындағы жауынгерлердің жеке заттары – мұның бәрі өте құнды. Мысалы, Тілеуғұл батыр атамыздың шапаны мен мөрі, таза күмістен соғылған қыз — келіншектедің әйшекей бұйымдары, Кеңес Одағының Батыры атанған, әлемдік додаларда көк туды желбіретіп ел даңқын асқақтатқан жерлестеріміздің фотолары мен марапаттарын ерекше атауға болады.
— Жастарды тарихқа тарту бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр?
— Жастармен жұмыс – біз үшін маңызды бағыт. Мектеп оқушыларымен үнемі кездесулер, экскурсиялар, шығармашылық байқаулар, тарихи викториналар ұйымдастырамыз. Балалар өз өлкесінің тарихымен танысып, оған деген құрметі арта түседі. Бұл — болашаққа жасалған инвестиция деп білеміз.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
— Мұражай экспозициясын толықтырып, заманауи интерактивті технологияларды енгізуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ, цифрлы мұрағат жүйесін құру арқылы жәдігерлерімізді интернет кеңістігінде де қолжетімді етпекпіз. Бұл — тарихты тек көру емес, сезіну мен зерттеу мүмкіндігін арттырады.
— Әңгімеңізге рақмет, Ерлан Оңдасынұлы. Істеріңізге сәттілік тілейміз!
— Сізге де рахмет! Тарихты ұлықтап, өскелең ұрпаққа жеткізу – бәріміздің ортақ борышымыз. Сөз соңында айтарым
«Тарихты білу аздық етеді – оны көзбен көріп, жүрекпен сезіну үшін мұражайға келіп тұрыңыздар, құрметті аудан тұрғындары!»
Қобланды АБЕНОВ
Comments