2025 жылғы 19 ақпан, Астана қ., Қазақстан
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым—Жомарт Тоқаевтың Иорданияға ресми сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ және Jordan Uranium Mining Company (JUMCO) мемлекеттік уран өндіруші компаниясы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«JUMCO-мен әріптестік орнату халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және ресурстық базаны ұлғайту және тиімді пайдалану жөніндегі стратегиялық мақсаттарымызға сәйкес Қазақстанның әлемдік уран саласындағы ұстанымын нығайтады. Бұдан бөлек, Қазақстаннан тыс жердегі жобаларды әлеуетті зерделеу – бұл әлемдік тәжірибені үйрену мен екі елдің тұрақты дамуына үлес қосудың бірегей мүмкіндігі», — деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Құжат Иордания аумағында уранды барлау және өндіру жөніндегі жобаларды бірлесіп зерделеуге бағытталған, соның нәтижесінде тараптар оларды одан әрі дамытудың орындылығын қарастыратын болады. Осы жұмыс шеңберінде кен орындарының геологиялық сипаттамаларын нақтылау және үймелі шаймалау технологияларын қолдануды ескере отырып қорларды бағалау жоспарлануда. Жобаның экологиялық тұрақтылығы мен экономикалық тиімділігі мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады, бұл оны одан әрі іске асыру туралы салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
«Бұл меморандум Иорданияда бірлескен уран өндіру жобаларын дамытуға бағытталған және JUMCO-ға Қазатомөнеркәсіппен ынтымақтастықта уранның коммерциялық өндірісіне шығуды жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы – Қазатомөнеркәсіппен білім алмасу, тәжірибе үйрену және маркетингтік стратегияларды бірлесіп пайдалану үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді JUMCO бас директоры Мұхаммед әл-Шаннаг.
Бірлескен жобаларды жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті мердігерлерді тартуды қоса алғанда Иордания үшін атом өнеркәсібін дамыту перспективаларын ашады. Уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы ретінде Қазақстан үшін жаңа әлеуетті нарыққа шығу жаһандық қатысуды кеңейтуде, стратегиялық ұстанымдарды және Иорданиямен екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуда маңызды қадам бола алады.
Компаниялар қауіпсіздік, тиімділік және экологиялық жауапкершілік принциптеріне негізделген ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бағыт ұстанған. Тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды енгізу және салалық стандарттарды жақсарту бойынша бірлесіп жұмыс істеу екі елдің уран саласын дамыту үшін берік және тұрақты негіз қалайды.
Толығырақ ақпарат алу үшін хабарласуға болады:
Қоғаммен байланыс және БАҚ сауалдары бойынша
Алтынай Кәрібжанова, PR департаментінің бас сарапшысы
Тел: +7 7172 45 80 63
Email: pr@kazatomprom.kz
Инвесторлармен өзара іс-қимыл бойынша
Ботагөз Молдағалиева, IR департаментінің директоры
Тел: +7 7172 45 81 80 / 69
Email: ir@kazatomprom.kz
Comments