Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сайрам ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады. Аудан әкімі Арман Сабитов облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес агроаймаққа бөлінген 90 гектар бойынша атқарылатын жұмыс жоспарын ұсынып, жобаларды таныстырды.
Аралау барысында облыс әкімінің орынбасары «Gen Group Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешенін кеңейту бағытында атқарылған тірліктермен де танысты. Банан өсіруді жолға қойған серіктестік қосымша 6 гектарға жылыжай салып, қызанақ және құлпынай өсіруді қолға алмақ.
«Жоба толық іске асқан жағдайда жылына 3 мың тоннадан астам қызанақ, 130 тоннадан астам құлпынай жиналады» дейді ЖШС басшысы Тимур Утешев.
«Korkem» сауда белгісімен танымал «Наурыз-5» ЖШС кәсіпорнын аралау барысында серіктестік басшысы Джурат Игамбеков жеміс қабылдау, көкөністерді өңдеу, қалбырлау және нарыққа шығару барысында кездесетін өзекті мәселелерді жеткізді.
«Kaz Eco Meat» ЖШС ірі қара мал бордақылау және мал сою кешенінің құрылысын 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Беларусь, Қытай және Түркия елдерінен арнайы қондырғылар сатып алынған.
Ал «Nurym Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрама жем өндіретін зауытты жыл соңына дейін іске қоспақ.
Нұрбол Тұрашбеков кәсіпкерлерге мәселелері мен ұсыныстарының заң аясында зерделенетінін атап өтті. Әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар кезеңімен жүзеге асатынын айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі @актуальное
Comments