Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
Қыз өссе елдің көркі деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам… деп халқымыз қызды − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруына бағалаған. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқандай ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен ең бірінші көзге түсетіні анық.
Қыз баланың ары мен абыройын, сыры мен сымбатын сақтауын келешек өміріне даярлығы деп білген жөн. Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөзі де бар, кезінде Әубәкір сынды үлкен ақын «Қыз бала – үйдің бояуы» дегеніндей қыз қашанда әлем үшін – әлемнің көркі әрі ұрпақ көбейтушісі.
Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ-тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Уақыт талабына сай өмір сүру үшін, заман, адамдардың жеке тұлғалық факторларды талап етері сөзсіз. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды мақсат тұтсақ «Орта түзер ойыңды, ойың түзер-бойыңды» — деп Абай атамыз айтқандай болашақ жар, сүйікті, әрі ардақты ана атанар қыздарымызды кешегі өткен асыл текті аналарымыздай өнегелі етіп өсіруге ел болып бар күш салайық демекпін.
PS: Кең байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі деп білемін өзім..
Қобланды АБЕНОВ
Comments