«Құндылық» сөзін әр адам әр түрлі түсінеді. Әлемде қанша адам болса, сонша түсінік болуы мүмкін.
Менің ойымша, құндылық деп баға жетпес асыл ұлттық мұраны, халық қазынасы — ана тілін, ел тарихы мен дәстүрін, туған жер топырағын айтуға болады. Бұл құндылықтарымызды аялау әр адамның адами борышы деп ойлаймын. Себебі, бұл- даусыз дүние! Осындай асылдарымызды жаһандану жолында жоғалтып алмасақ екен! Баға жетпес құндылықтарымыздың бағасын теңгемен өлшеп , арзандатып алмасақ екен! Бұл тек менің ғана емес, мен сияқты көптеген адамдардың жүрегінің түбіндегі тілек деп ойлаймын. Осындай ізгі тілектерді жүзеге асыру үшін, құндылықтарымызды алақандағыдай аялау міндетіміз деп түсінемін. Уақыт өте келе, әр заманның өзіндік талабына байланысты, ұлттық дәстүрмен бірге құндылықтар туралы жалпы түсініктің де өзгеруі мүмкін. Ж.Кустоның «Нарықтық экономикада барлық нәрсенің құны бар, бірақ ешқайсысының құндылығы жоқ» дегеніндей, әлемдегі жүріп жатқан жаһандану үрдісіне ілесеміз деп, құндылықтарымыздың көршілес алпауыт мемлекеттерге жұтылып кету қаупі де ұлғая түскендей. Бірақ ана тілі, туған жер, ұлттық дәстүр, ел тарихы сияқты құндылықтарға ешқашан нұқсан тимеуі керек. Көзіміздің қарашығындай қорғай білгенде ғана ол құндылық болатыны анық. Сонда ғана ұлтымыз ғасырлар бойы, Жер бетінде құндылықтарынан күш алып, мәңгілік ұлт болып жасай бермек!
Ертеде, бір ғұламаның шәкірті ұстазын жаңылдырмақшы болыпты. Сөйтіп, бір көбелек ұстап алып, ұстазынан сұрапты: «Көбелек тірі ме, әлде өлі ме?- » деп. Егер ұстазы «тірі»- десе, көбелекті қысып өлтіріп, «жоқ, көбелек өлі»-деп, ал ұстазы «өлі» десе, «көбелек тірі» деп, көбелекті көрсетпекші болыпты. Сонда ғұлама шәкіртінің сұрағына «өлі не тірі болуы саған байланысты, себебі көбелек сенің алақаныңда» депті. Ұстазын шалындыра алмайтынына көзі жеткен шәкірті көбелекті қоя беріпті. Асыл құндылықтарымыз да сол көбелек іспеттес тағдыры алақанымызда тұр. Сондықтан қадіріне жетіп, аялай білейік! Оны келер ұрпаққа аманат ету ұлттық борышымыз деп ойлаймын.
Қорыта келе айтарым, баға жетпес асылдарымызды ардақтайық! Адам болып жаралған соң, адами борышымызды атқара білейік!
Маханбет Жансая, А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің 8 «А» сынып оқушысы.
Ғылыми жетекшісі: Баетова А.С
Comments