БизнесЭкономика

Ербол ЕСЕНЕЕВ: «Қазақстан бидайына сұраныс әрдайым болады»

Астанада «EURASIAN AGRICOM» бесінші Халықаралық конференциясы өтті.

Шараға отандық сарапшылардан бөлек Италия, Ауғанстан, Қытай, Ресей, АҚШ және Өзбекстаннан мамандар келіп, жаңа егіннен алынатын астықтың көлемі мен сапасын, қазақстандық астықтың сатып алу және эспорттау бағалары жайын талқылады.

Ауқымды конференцияға арнайы қатысқан «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Ербол Есенеев астық саласы – еліміздің АӨК-те жұмыс орындарын ұсыну, экспорт көлемі, инвестициялар тарту бойынша ең ірі сала болғандықтан оған ерекше назар аудару керектігін жеткізді.

«Биыл астық көп жиналды. Түрлі себептерге байланысты оның сапасы төмен болып шықты. Сәйкесінше сапасы төмен өнімнің бағасы да төмен болады. Бұл – қалыпты жағдай. Сондықтан шаруаларға алаңдауға негіз жоқ. Келесі жылы баға тұрақталады. Мұны мамандар көрші елдердегі жағдайларға сүйене айтып отыр. Мәселен, Ресей былтыр 104 млн тонна бидай жинаса, биыл ол көрсеткіш 92 млн тоннаны құрап отыр. Яғни, келер жылы біздің бидайға сұраныс артады деген сөз. Сондықтан шаруалар өз астықтарын сатуға асықпауы тиіс. Тығырықтан шығар жол бар. Ол – фермерлерге уақтылы субсидия беру, қосымша нарық іздеу, өнімдерін экспорттауға дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Бұл бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметпен және салалық одақтармен тығыз жұмыс істеуде. Қазақстан бидайына сұраныс әрдайым болады», — деді Ербол Есенеев.

Негізгі проблема жинау мерзімдерін кешіктірумен де байланысты болып отыр. Бүгінде еліміз бойынша орта есеппен 50-60% алқап бастырылды.

Қазақстан Астық одағы талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов биылғы аграрлық маусымның болжамды қорытындыларына тоқталды.

Спикердің айтуынша, барлық дәнді дақылдардың өнім көлемі 27,7 млн тоннаны құрайды. Бұл соңғы алты жылдағы ең жоғары нәтиже.

«Жұмсақ бидайдың өнімі 16,8 млн тонна, ал, астық экспорты 6,1 млн тоннаны, астық эквивалентіндегі ұнды ескере отырып — 8,9 млн тоннаны болжап отырмыз», — деді Евгений Карабанов.

Қазақстанның астық Консорциумының коммерциялық директоры Саят Шортанның айтуынша, осы жылы астық жинауға ауа-райы да кері әсерін тигізген.

«Биыл толассыз жауған жауын астықтың сапасына зиянын тигізді. Салдарынан үшінші санаттағы астықтың көлемі едәуір кеміді. Әрине, біз қол қусырып отырмаймыз. Тығырықтан шығар жол әрдайым болады. Бүгінде біздің өнімдерімізге Қытай тарапы үлкен қызығушылық танытуда. Ендігі мәселе оны тасымалдау және жеткізу. Үкімет тиісті деңгейде қолдаса дейміз», — деді Саят Шортан.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру және қайта өңдеу, ішкі нарықтың қажеттілігін қазақстандық өніммен қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше тоқталды.

Айта кетейік, конференцияға отандық және алыс-жақын шетелдерден келген астық өндірушілер мен өңдеушілер, астық саудагерлері, көлік  компаниялары, астық өндіру ресурстарын жеткізушілер, әлеуетті инвесторлар қатысты.

AGRICOM (Eurasian Agricommodities) – Қазақстан астық одағының конференция, форум, және дөңгелек үстел түріндегі астық саудасын және оны қайта өңдеу өнімдерін дамытуға, астық өндірісіне, сондай-ақ, астықты сақтау инфрақұрылымына инвестициялар тартуға бағытталған тұрақты іс-шарасы болып табылады.

Аталмыш жиындар Қазақстанда және қазақстандық астық пен оны қайта өңдеу өнімдерін жеткізуге мүдделі серіктес елдерде өткізіледі.

АЭС САЛЫНСА ФИЗИК-ҒАЛЫМДАРЫМЫЗ СЫРТҚА КЕТПЕЙ, ӨЗІМІЗДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН БОЛАДЫ

Алдыңғы

Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуға тыйым салуды жойған жоқ!

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *