Сан қилы салада еңбек еткен Алаш арыстарының саны өте көп. Бүтіндей бір ұлттың мәселесі талқыға түскен заманда өз елінің болмасын біртұтас қылуды мақсат еткен батыр аталарымыз еске түскенде ең алдымен ұлт ұстазына соқпай өту – үлкен сын.
Бар ғұмырын еліне арнаған жан, халқының өз тілі мен мәдениеті ғана елін ертеңгі жарқын болашаққа жеткізетініне сенім білдіріп, осы жолда күресті, жан берді.
Оның ерлігі, азаматтығы, адалдығы, отансүйгіштігі сол тар заманның өзінде талай азаматтың бойына шабыт беріп, жанына қуат сыйлады. Елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын, жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын көкірегі ояу, көзі ашық өз заманының жастарын артынан ертті.
Аласапыран кезеңде жұртының түзу жолмен жүруіне жол көрсетіп, дөңгеленген дүниеден қазақтың үлесін алып беруді көздеген ұлт ұстазы, қазақ зиялыларымен бірге қазақтың керегесін кеңейту мақсатында шекарасын бекітіп, әдебиетіміздің іргесін де қалады.
Алаш десе ең алдымен Сәкен Сейфуллиннің «Өзге оқыған қайраткерлер атақ қуып жүргенде, ұйқыдағы қара халықтың жоғын жоқтаған, мұң-мұқтажына көңіл бөлген Патшалық Ресей заманында бір ғана тұлға болса, ол — Ахмет Байтұрсынұлы», — дегені бірден еске түседі.
Ахаң – ұлттың ұстазы, халқының жанашыры. Артында қалдырған еңбектері, бүгінгі біздің және келешек ұрпақтың аманаты.
Бүгінгі ұрпақтың кемеңгері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні 5 қыркүйекте ықылым замандардан сыр шертеттін көне Таразда » Ұлт ұстазы » сериалында Ахмет атамыздың рөлін сомдаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есенәлі ағамызбен Жамбыл облысының ұстаздары кездесіп, көкейлеріндегі қызықтырған сұрақтарына тұщымды жауап алды.
Кездесуді Байғали ағамыз:
— Ахаң, сол кездегі бар ауыртпашылықты арқасына артқан алып тұлға. Әр істеген ісі, әр сөзі келешек ұрпақтың жадысында мәңгілік оттай жанып тұрмақ. Әр қазақ Ахаңның бізге аманаттаған әр сөзін арқалап, жетер жеріне дейін жеткізетіне анық сенемін, — деп қорытындылады.
PS: Бүгінгі ұрпақ ұлт ұстазы бастаған Алаш азаматтарына қарап бой түзейді, өмір жолдары ауыр да, азапты болсада орыстың ұлы ақыны Пушкинше айтар болсам «Алаштықтар – ұлттың сол кезеңдегі негізгі күретамырлары бола білді.
Кейінгі ұрпаққа айтарым ұлтты сүйсеңіз, Ахметтей сүйіңіз! Өйткені өзінің аз ғана қамшының сабындай ғұмырын ұлт жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы – біз үшін идеал тұлға демекпін!
Айнұр Жамалбекқызы
Comments